Қырғыз Республикасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың отбасы Кой-Таш ауылындағы үйінен мәжбүрлі түрде шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы, 24.kg басылымының жазуынша, экс-президенттің балалары — Алия Шагиева мен Кадырбек Атамбаев айтып берді.
Олардың сөзінше, отбасы үйден қуылып, барлық заттары милиция қызметкерлері тарапынан арнайы әкелінген контейнерге тиелген.
Атамбаевтың балаларының айтуынша, бұл көшіру заңсыз, өйткені сот істері әлі де жалғасып жатыр.
"Әзірге туыстардың үйінде тұра тұрамыз", – деді Кадырбек Атамбаев.
Айта кетейік, 13 қыркүйекте Алмазбек Атамбаевтың отбасы Кой-Таштағы үйге шабуыл жасалғанын мәлімдеген болатын. Қызы Алия Шагиеваның айтуынша, үйге бірнеше ондаған адам келген, олардың бір бөлігі милиция формасында, ал басқалары азаматтық киімде болған. Бұл ретте, олар ешқандай құжат көрсетпеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от НОВОСТИ КЫРГЫЗСТАНА (@24_kg)
Қырғыз басылымдарының дерегі бойынша, Кой-Таш ауылындағы бұрынғы президенттің үйі орналасқан жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шешімімен оған іргелес аумақ та мемлекетке берілген.
Мемлекеттік мүлікті басқару агенттігінің директоры Тимур Малбашев 12 қыркүйекте мәлімдегендей, бұл жерде заманауи қарттар үйі мен 500 орындық жаңа балабақша салу жоспарланып отыр.
13 қыркүйекте экс-президенттің жұбайы Раиса Атамбаева Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа жүгініп, бұл үйге тиіспеу туралы берген уәдесін еске салды.