Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауының инфляцияға әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сенбі күні өткен жиында өңірлік тұрақтандыру қорларын жаңа өніммен толықтыру және "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың хабарлауынша, биылға жоспарланған коммуналдық тарифтер бағасын көтеру жұмыстары аяқталған, ал табиғи монополия субъектілерінен жаңа өтінімдер келіп түскен жоқ.
Сол себепті, жыл соңына дейін халық пен жеңілдігі бар тариф саясаты қолданылатын ӘМАТ өндірушілері үшін тариф бағасы өспейді.
Сонымен қатар, өңірлерде жаңа өнімге келісімшарттар жасасу жұмысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізуге арналған келісімшарттар 2025-2026 жылдардың маусымында халықтың қажеттілігін 50% қамтып отыр.
Мәселен, Атырау, Алматы облыстары мен Астана қаласында пиязға деген сұраныс толығымен жабылған. Қарағанды, Түркістан, Абай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында да жұмыс қарқынды. Бірақ Ақтөбе облысында көкөністің барлық түрі бойынша келісімшарттар жасасу деңгейі төмен.
Бақылауды күшейту мақсатында Серік Жұманғарин өңірлерге барып, тұрақтандыру қорларындағы көлем мен қордың жеткілікті болуын тексеретін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.