Cathay әуе компаниясы Гонконгтан Қазақстанға тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Гонконгтың Көлік және логистика бюросы арасындағы келіссөздер барысында тасымалдаушы өкілі мәлімдеді.
Тараптар әуе қатынасын дамыту мәселелерін талқылап, рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыруға келісті. Оның ішінде 7 рейс "әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі" шеңберінде орындалады. Бұл қазақстандық әуе тасымалдаушыларға Гонконг хабын белсендірек пайдалануға, ал гонконгтық тасымалдаушыларға Қазақстан арқылы ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
"Келіссөздер барысында Cathay әуе компаниясының өкілі жаңа әуе кемелерінің келуіне байланысты Қазақстан Республикасына тікелей рейстер ашу жоспары бар екенін айтты", – делінген ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (ААК) таратқан ақпаратта.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, құқықтық базаны кеңейту мен әуе қатынасын қайта жандандыру екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты дамытуға ықпал етпек.
Бұған дейін Астанада ауқымды экологиялық айлық басталғанын жазғанбыз.