Елімізде ауқымды жоба – республикалық JARQYRA кастингі басталады. Іріктеу 15 қыркүйек сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін бірден Қазақстанның 19 қаласында, мәдениет мекемелерінің базасында өтеді, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Министрлік ақпаратына сәйкес, жобаның мақсаты – аймақтардағы таланттарды анықтап, оларды отандық киноиндустрияға тарту. Кастингтен сәтті өткен қатысушылар Орталықтың актёрлік базасына енгізіліп, болашақ кино жобаларға қатысуға үміткер бола алады.

Іріктелген кандидаттардың деректері Орталықтың ресми сайты www.kazakhcinema.kz порталындағы онлайн актёрлік базасына тіркеледі. Бұл платформа жаңа есімдерді іздеп жүрген продюсерлер мен кинокомпанияларға қолжетімді болмақ.

"Мұндай жобалар мемлекет басшысының мәдени саясатты жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жүйелі басшылығымен жалғасып келеді", — делінген министрлік хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз