Ақтөбеде қазақша күрестен жарыс кезінде 15 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға 2025 жылдың ақпанында болса да, марқұмның туыстары қайғылы оқиға туралы енді ғана айтуға бел байлаған. Жасөспірімнің ата-анасына Астанадағы күрес жарысы кезінде болған оқиға әсер етіпті.
Ақтөбедегі сайысқа 15 жастағы Рахымжан Елепбергенов өз бапкерімен бірге Родниковка ауылынан келген. Спарринг кезінде қарсыласы жасөсіпірімді көтеріп кілемге лақтырған. Жасөспірім жағдайы нашарлап, басын ұстап, кілемде жатып қалған.
“Видеода ұлымның ұзақ уақыт қиналып жатқаны көрінеді. Зал толық болса да, ешкім назар аудармаған. Біраз уақыттан кейін бір бапкер, кейін басқалары келеді. Бірақ ол кезде Рахымжан есінен танып қалған”, – дейді жасөспірімнің әкесі Нұрлыбек Мұқанғалиев.
Жасөспірімді ауруханаға алып келгенде дәрігерлер дереу комаға түскенін анықтап, миына қан құйылғанын хабарлаған. Туыстарының айтуынша, оқиғадан 28 сағат өткен соң ғана бас сүйегіне ота жасалған. Отадан кейін ол 42 күн бойы ес-түссіз жатыпты.
2025 жылдың 5 сәуірінде жасөспірім өмірден өтті.
Кейінірек ата-ана ұлдары жарақат алған күні жиында дәрігерлер болмағанын, спортшылардың қасында алғашқы медициналық көмек көрсете алатын адам болмағанын білген.
“Жиын қазақша күрес федерациясының бастамасымен өткен. Нысанға медицина қызметкері бекітілген, бірақ дәл сол күні ол денсаулығына байланысты демалыста болған”, – дейді Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Рахымжанның ата-анасы көмек уақытында көрсетілсе, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді деген пікірде.
Полиция спорттық жиын кезінде болған оқиға бойынша “қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алайда кейінірек тергеушілер істі жауып тастаған. Ұлын жоғалтқан ата-ананың тергеумен айналысуға шамасы болмапты. Кейінірек оларға тек жасөспірімді жиынға апарған бапкердің жұмыстан босатылғаны хабарланған.
“Барлық тергеу шаралары толық жүргізілді, соның ішінде бейнебақылау камераларының жазбалары қаралды, куәгерлер мен көрген адамдардан сұрау алынды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, қадағалаушы органның келісімімен қылмыстық іс тоқтатылды”, – делінген Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарламасында.