Түркістан облысында қарт ер азаматты қатыгездікпен соққыға жығу фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оның ұлы ғана емес, тағы бір адамның да тергеуге алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 12 қыркүйекте мәлімдегендей, қарт адамның өліміне байланысты Шардара аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда ол соттың санкциясымен қамауда отыр.
"Сонымен қатар әйел адамға қатысты ҚР ҚК "топ болып адамға қол жұмсау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде қылмыстық процеске қатысқан барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады ДП.
Сондай-ақ департаментте бұған дейін қарт адамға жасалған зорлық-зомбылық туралы полицияға ешқандай шағым түспегенін нақтылады.
Айта кетсек, Түркістан облысындағы бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды: әлеуметтік желіде ұлы қарт әкесін соққыға жыққан сәт түсірілген бейнежазба тарады. Кейіннен қарт кісінің көз жұмғаны белгілі болды.