2025 жылғы 11 қыркүйекте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты ІІМ тапсырмасымен жедел штаб құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
"Министр қылмыстық істің тергелу барысын жеке бақылауына алды. Қазіргі уақытта тергеу аясында жүргізушінің әрекеттері, көліктің техникалық жағдайы, бағыты мен тасымалдау процесі зерттелуде. Жолаушылардың барлығы – Қазақстан азаматтары, әр өңірден шығып, қасиетті орын Бекет Атаға зияратқа бара жатқан", – деді Шыңғыс Әлекешев.
Ол сондай-ақ жарақат алғандардың ауруханаға жеткізілгенін және оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
ІІМ жергілікті әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді ұйымдастырады. Оған мыналар кіреді:
- қаза болғандардың денелерін туған өңірлеріне жеткізу;
- туыстарымен тұрақты байланыс және сүйемелдеу;
- жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жәрдемдесу;
- заңдық, сақтандыру және ұйымдастыру мәселелерін шешуге көмектесу.
"Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына барлық ақпарат жедел түрде жеткізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі марқұмдардың туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтады. Сонымен қатар барлық жүргізушілер мен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастырушыларға үндеу жолдаймыз: рульге шаршаған күйде отырмаңыздар және көлікті шамадан тыс жүктемеңіздер. Бір ғана ұйықтамаған жүргізуші үлкен қайғыға себеп болуы мүмкін", – деді ІІМ өкілі.
Бұған дейін Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Оқиға салдарынан сегіз адам оқиға орнында, тағы екі адам ауруханаға барар жолда көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.