Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Маңғыстау облыстық ПД-ның хабарлауынша, жол апаты 11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Hiace автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан көлік жолдың шетіне аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы кезінде автоның ішінде жолаушылар болған.
"Жол апатының салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды", - делінген полиция хабарламасында.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз