Белгілі қазақстандық қаламгер, көсемсөз шебері, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Қайым-Мұнар Табеев өмірден өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді.

"Министрлік көрнекті қаламгер, көсемсөз шебері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Қайым-Мұнар Табеевтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.

Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып, ел руханияты жолында қалтқысыз қызмет етті. Оның қаламынан туған мақалалары, Желтоқсан оқиғасы туралы зерттеулері, сондай-ақ ұлттық әдебиетіміздің қазынасын байытқан шығармалары ел жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта, иманы саламат болғай", -делінген министрлік хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз