Түркістан облысында ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін аймақта мал шаруашылығы, өсімдік және балық шаруашылығы саласында қызмет атқарып отырған 71 589 жеке және заңды тұлға санаққа қатысты. Республика бойынша тіркелген көрсеткіштердің ең жоғары үлесі Түркістан облысына тиесілі .

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен аудан-қала әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен мәжіліс өтті. Жиында санақ жұмыстарының барысы талқыланып, аудандық деңгейдегі көрсеткіштер сараланды.

Статистика басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес, Жетісай ауданында – 8 мыңнан астам, Сайрам ауданында – 7 мыңнан аса, ал Сарыағаш, Мақтаарал және Қазығұрт аудандарында 6 мыңнан астам респондент санақтан өткен.

Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ұлттық ауыл шаруашылығы санағының маңыздылығына тоқталып, өңірлердегі жұмыстардың жүйелі әрі сапалы ұйымдастырылуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – аудандардағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы болды. Жауапты басшыларға статистикалық деректерді нақты есеппен салыстыру, ал айырмашылықтар анықталған жағдайда тиісті дәлелдеме құжаттарын статистика басқармасына уақытылы тапсыру тапсырылды. Сонымен қатар көрсеткіштерді сәйкестендіру шараларын жүйелі жүргізу міндеттелді.

Осылайша, Түркістан облысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, әр ауданның көрсеткіші тұрақты түрде қадағаланып отыр.