Танымал журналист Жанар Байсеміз он екі мүшесі сау адамдарға үндеу жасап, денсаулықтың қадірін білуге шақырды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бұл туралы ол өзінің YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Құрметті оқырмандарым! Байсеміз live-та ЕШНӘРСЕГЕ ҚАРАМАСТАН ӨМІРГЕ ИӘ деген ерекше жан! Айғаным Боташ сияқты батыр қыз. Ол Айғаныммен болған подкастты көріп, маған сұхбатқа келгісі келіпті. Бірақ, өзі өтініш білдіруге ыңғайсызданып жүріпті.
Сөйтіп, күндердің бір күнінде менің командамдағы YouTube маманым Алмас,оның парақшасын жіберіп, шақырып көрсек қайтеді, деп жазды. Парақшасын қарап шықтым. Шынын айтсам, жүрегім ауырып, көзіме жас келді, Қалайша?! Қалай өмір сүріп жүр?! Қалай күліп жүр? Қалайша ешнәрсеге қарамастан бақытты болып жүр, деп ойладым.
Біз, он екі мүшесі сау адамдар қандай қанағатсызбыз, шүкірсізбіз, болмайтын нәрсеге сағымыз сынып, болмайтын нәрседен бүлік іздейміз, болмашы нәрседен бүлініп кетеміз, барымызды бағаламаймыз, жоғымызға қайғырып, жоғымызды түгендеумен жанталасып жүрміз…
Құдай-ау! Әжетханаға өз аяғыңмен бара алсаң бақытты адамсың, деп аламыз да болмайтын нәрсеге тағы бұлданып шыға келеміз. Өмірдің әсем бояуларын көре алмаймыз.
Денсаулық — зор байлық, деп айтқанда “мәстірміз”, бірақ расымен де денсаулығымыздың барына тәубе етпейміз. Бір жеріміз ауыра қалса ғана денсаулықтың зор байлық екенін шынайы түйсінеміз. Ал, жазылғанда жалғанды жалпағынан басып, тайраңдап, қайқаңдап шыға келеміз.
Бұл подкаст бізді тағы да тәубемізге түсіреді. Алшаңдап кетсек, аялдатады. Тәкаппарланып кетсек тоқтатады.
Емі жоқ ауруға шалдыққан қыздың хикаясы. Дәрігерлер, оны адам болмайды, деген.
Адамдар, оны интернатқа өткізіп тастаңдар, деген. Оның есімі Назерке. Біз өмір сүруді Назеркеден үйренуіміз керек. Біз өмірді сүюді Назеркеден үйренуіміз керек», — деп жазды ол.