2025 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрі коммуналдық қызметтер көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидалар бірқатар жаңа ұғымдармен толықтырылды:
- Биллинг – абонентке ұсынылатын қызметтерді есепке алу, оларды тарификациялау және төлем шоттарын қалыптастыру бойынша операцияларды автоматты түрде жүзеге асыратын аппараттық-бағдарламалық кешен;
- Бірыңғай есеп айырысу орталығы (БЕО) – уәкілетті орган белгілеген талаптар мен жұмыс тәртібіне сәйкес келетін, бірыңғай төлем құжатын қалыптастыратын және коммуналдық қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар арасында ақпараттық жүйелер негізінде өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін заңды тұлғалар;
- Қаржы ұйымдары – қызметі Қазақстан Республикасының "Банктер және банк қызметі туралы" заңымен реттелетін банктер, сондай-ақ "Төлем ұйымдары және төлем жүйелері туралы" заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын төлем ұйымдары, олар БЕО-ның қаржы серіктестері ретінде бірыңғай төлем құжаты негізінде тұтынушылардан өздерінің төлем құралдарын (кассалар, интернет-банкинг, мобильді қосымшалар, терминалдар және басқа да құралдар) пайдалана отырып төлемдер қабылдайды және алынған ақшалай қаражатты қызмет көрсетушілердің есеп айырысу шоттарына аударады;
- Қосымша қызметтер – коммуналдық қызметтер болып табылмайтын, бірақ тұрғын үй қорын, оның ішінде жеке тұрғын үйлерді күтіп-ұстау, қызмет көрсету және пайдалану мәселелерімен тікелей байланысты, жайлы әрі қауіпсіз тұруды қамтамасыз етуге бағытталған қызметтер;
- Транзиттік шот – екінші деңгейдегі банкте немесе жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымда ашылатын, тұтынушылардан коммуналдық қызметтерге Бірыңғай төлем құжаты негізінде түскен ақшалай қаражатты жинақтауға арналған, кейіннен аталған қаражатты тиісті қызмет көрсетушілердің есеп айырысу шоттарына автоматтандырылған түрде бөлуге арналған арнайы банктік шот;
- Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинау және сақтау ақпараттық жүйесі (ОЖАЖ) – тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты талдау және тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілерінен электрондық ақпараттық ресурстарды біріктіретін мемлекеттік ақпараттық жүйе;
- Тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық оператор – энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған, жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесі бар, тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық оператор болып табылатын заңды тұлға.
Бұдан бөлек, кейбір ұғымдардың анықтамалары нақтыланды:
- Бірыңғай төлем құжаты – қағаз түрінде жасалған немесе электрондық түрде қалыптастырылған, төлем немесе ақша аударымын жүзеге асыру негізінде немесе көмегімен жүзеге асырылатын, коммуналдық және қосымша қызметтерге ақы төлеу үшін жасалған құжат;
- Сумен жабдықтау – су ресурстарын алуды, сақтауды, өңдеуді, беруді және таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
- Су бұру – ағынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне, ағынды су жинағыштарға немесе жер бедеріне ағызуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
- Тұтынушы – коммуналдық және өзге де қосымша қызметтерді пайдаланатын немесе пайдалануды жоспарлап отырған жеке немесе заңды тұлға.
Қағидаларға бірыңғай есеп айырысу орталығының (БЕО) жұмыс тәртібі мен талаптарын айқындайтын жаңа бөлім қосылды.
Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін критерийлер негізінде БЕО-ны таңдау бойынша конкурс ұйымдастырады.
Әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында облысты, оның қалаларын, аудандарын, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, бір немесе бірнеше БЕО айқындалуы мүмкін.
БЕО барлық қызмет көрсетушілерден келіп түскен есептеулерді біріктіріп, тұтынушыға бірыңғай төлем құжатын ұсынады.
БЕО кәсіпкерлік субъектілері ретінде, оның ішінде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар түрінде немесе заңнамада және жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінде көзделген өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.
БЕО абоненттер базасына қызмет көрсетуді, тұтынушылар үшін жеке кабинеттер ашуды, қызмет көрсетушілерге есептілік қалыптастыру мен ұсынуды, жоспарлы есептеулер мен нақты төлемдер туралы ақпаратты ай сайын беруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ "ОЖАЖ" жүйесімен интеграция арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай талаптарды сақтай отырып, тұтынушылар туралы деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
БЕО қызмет көрсетуші ұсынған есеп айырысу шоттарына қатысты мәліметтердің дұрыстығын тексереді.
Сондай-ақ, БЕО өзінде биллинг жүйесін қолданады немесе белгіленген талаптарға сәйкес тиісті бағдарламалық-техникалық құралдар мен білікті мамандары бар сыртқы ұйымды (биллинг компаниясын) тарта алады.
Бұл ретте, БЕО қызмет көрсетуші ұсынған ақпараттың шоттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігіне толық жауапты болады.
Ішкі жоспарлы тексерулер тоқсанына кемінде бір рет, ал тұтынушылардан немесе уәкілетті органдардан өтініштер түскен жағдайда – жоспардан тыс жүргізіледі.
Анықталған сәйкессіздіктер кезінде БЕО:
- сәйкессіздіктер анықталған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды тіркеуге;
- тиісті құрылымдық бөлімшелерге негіздемесімен бірге хабарлама жолдауға;
- тиісті шотты түзетуді бастауға міндетті.
Қателер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайда БЕО:
- шоттарды ұсыну жөніндегі ішкі рәсімді қайта қарауға;
- тиісті ішкі талаптарды қайта қарау жөнінде бастама көтеруге;
- сәйкессіздіктер журналында тіркеу және сәйкессіздік туралы акт немесе ішкі қызметтік есеп ресімдеу арқылы тіркеуге міндетті.
Барлық тексерулердің нәтижелері тексеру өткізілген күннен бастап кемінде үш жыл бойы құжат түрінде сақталуға тиіс.
БЕО келесі талаптарға сай болуы қажет:
- заңды тұлға ретінде ҚР заңнамасына сәйкес тіркелуі;
- есепке алу мен есеп айырысу процестерін автоматтандыруға арналған, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган немесе оның аккредиттелген ұйымы берген сәйкестік аттестатымен немесе сертификатымен расталған қазіргі заманғы ақпараттық жүйелердің болуы;
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай талаптарды сақтау;
- кемінде екі екінші деңгейдегі банкпен жасалған шарттардың болуы;
- тұтынушылардың жеке деректерін қорғау тетіктерінің болуы.
БЕО‑нің функциялары:
- тұтынушыларға жұмыс кестесіне сәйкес нақты уақыт режимінде түрлі байланыс арналары арқылы кеңес беру қамтамасыз ету;
- азаматтардың шағымдары мен өтініштерін 15 жұмыс күні ішінде қарау, сонымен қатар міндетті хабардар ету және ең көбі 5 жұмыс күніне созу құқығы бар;
- БЕО-нің ресми сайттарында және ақпараттық ресурстарында жариялау:
- ұйымдық құрылымы мен басқару органдарының құрамы туралы мәліметтер;
- қолданылатын технологиялық шешімдер мен ақпараттық жүйелер тізімі;
- деректердің қауіпсіздігін және жүйенің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету шаралары;
- төлемдер, пайдаланушылар саны және негізгі тиімділік көрсеткіштері туралы жалпы ақпарат;
- өтініш берген жергілікті атқарушы органдар мен өзге уәкілетті органдар сұрауы бойынша шоттағы коммуналдық қызметтер бойынша қарыз бойынша ақпарат.
Бұйрық 2025 жылғы 20 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.