Алматыда бойжеткенге әдепсіз шабуыл жасалды. Оқиға сәті сол маңдағы бейнежазба камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кадрлардан бойжеткеннің жеке сектор аумағымен жүріп келе жатқанын, оның артынан бейтаныс жігіттің еріп келе жатқанын көруге болады. Қыз үйдің қақпасына жақындағанда, жігіт кенеттен жүгіріп келіп, құшақтап, қыздың сөзінше, интимді аумағынан ұстап, артынша қашып кеткен.

Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жігіттің жеке басын анықтады – ол ауданның 14 жастағы тұрғыны болып шықты.

"Оның ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағанның өзі мектепішілік есепке қойылды. Бұдан басқа, осы факт бойынша материалдар Түрксіб ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралатын болады. Жасөспіріммен және оның отбасымен психологтың қатысуымен профилактикалық жұмыс жүргізілді", – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы полициясы аутизмі бар балаларға қарсы жасалған теріс мазмұндағы үндеулерге байланысты қылмыстық іс қозғанын жазғанбыз.