Биыл мамырда Маңғыстауда алғаш рет жүкті әйелдің жүрегіне күрделі операция жасалды. Ал 8 қыркүйекте сол әйел 36 апта 1 күн мерзімде кесарь тілігі отасы арқылы сәбилі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық ауруханасының мәліметінше, гинеколог-хирург Юлия Досаханованың басшылығымен болған босандыру отасы шамамен 30 минутқа созылып, еш қиындықсыз өтті. Отаға ассистент Алима Тапишова мен анестезиолог Серік Төкебаев қатысқан.

"Қыз бала дүниеге келді. Сәбидің салмағы – 2 келі 640 грамм, бойы – 50 см. Қазір ана мен нәрестенің жағдайы жақсы", — дейді аурухана қызметкерлері.

Жүкті келіншек биыл мамырда Жаңаөзеннен санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы, өкпе гипертензиясы диагнозын қойған еді. Сол кезде кардиохирург дәрігерлер Агзам Алдешев, Ербол Кудабаев бастаған команда митралды қақпақшаны ауыстыру бойынша күрделі ашық операция жасап, ананың да, баланың да өмірін сақтап қалған.

Бүгінде ол өзін жақсы сезінетінін айтып, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлеріне ризашылығын білдірді.

"Мамырдағы алғашқы ота да, кешегі босандыру отасы да сәтті өтті. Өмірімді ақ халатты абзал жандарға сеніп тапсырмағанда, мұндай бақытты сәтті сезінбес едім. Дәрігерлердің біліктілігі мен мейірімділігінің, қолдауының арқасында қызымды аман-есен бауырыма басып отырмын. Аурухана дәрігерлері денсаулығымды әрдайым жіті бақылауда ұстады, қолдау көрсетіп, кеңесін айтты. Осы ретте аурухана басшылығына, дәрігерлер мен медбикелерге, соның ішінде кардиолог Әлия Ахмадуллақызына және гинеколог Юлия Асенбайқызына алғысым шексіз. Елдің алғысына бөленіп, жетістікке жете беріңіздер", — дейді ол.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз