Дүрбелең Z буынының наразылығы деп аталып жатыр.
Непалдағы жаппай наразылықтардан кейін сол елдің премьер-министрі қызметінен кетті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шетелдік БАҚ мемлекет басшысы Рам Чандра Паудел-дің да орнын босатқанын жарыса жазып жатыр. Дей тұра, президент кеңсесі мұны жоққа шығарып отыр. Кейінгі дерек бойынша, Непалдағы билікке қарсы бүліктен 22 адам қаза болды.
Қарапайым халықтың көтерілуіне үкіметтің ірі әлеуметтік желілердің қызметіне тыйым салуы себеп болған. Яғни, ел аумағында YouTube, X, Reddit сияқты онлайн-платформалардың жұмысы бір сәтте тоқтады. Жұрт мұны билікті сынайтындарға қарсы күрес, сөз бостандығын шектеуге бағытталған әрекет деп бағалады.
Осылайша, тұрғындар қала көшелеріне шығып, үкіметке қарсы шеру өткізді. Дүрбелең Z буынының наразылығы деп аталып жатыр. Себебі, шерушілердің басым бөлігі жастар. Олар Катмандудағы президент резиденциясын, өзге де мемлекеттік мекемелер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің үйлерін өртеп жіберген. Ол аздай, Непалдың сыртқы істер министрі мен қаржы министрін соққыға жықты. Кейін үкімет әлеуметтік желілерге салынған тыйымды алып тастап, бірқатар шендіні орнынан босатты. Алайда, бұл шешімдер де халықтың ашуын баса алмады.