Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биыл елімізде заңсыз айналымнан 50-ге жуық атыс қаруы , 500-ден астам оқ-дәрі мен 6 жарылғыш зат алынды. Сондай-ақ 12 жасырын қоймадан қару-жарақ табылды. Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған 6 қару мен полицияға тиесілі арнайы жабдықтар да тәркіленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлік қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан шығару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл шаралар жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында жалғасады.

1 қыркүйектен бері республика көлемінде «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Соның нәтижесінде заңсыз айналымдағы ондаған қару-жарақ пен жүздеген оқ-дәрі табылып, жасырын қоймалар әшкереленді.

Сонымен қатар Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған Калашников автоматы, тапанша, екі ойық мылтық және екі тегіс ұңғылы қарумен қоса, полицияның бронежилеттері мен каскалары тәркіленді. Бұдан бөлек, азаматтар өз еркімен 15 қаруды тапсырған.

ІІМ мәліметінше, биыл 21 мыңнан астам азаматтық қару тексерілді. Нәтижесінде 400-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«5 қыркүйекте Алматы облысында жергілікті тұрғындар ұсталды, олардан қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында ұрланған арнайы мылтық тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», деді ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жандос Батырбеков.