Қазақстан Туризм және спорт министрлігі Димаш Құдайберген продюсерлік ететін Қытай-Қазақстан музыкалық шоуына қатысты тың ақпарат жария етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қыркүйек айында Қазақстанда Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін ауқымды музыкалық реалити-шоудың түсірілімі басталады. Жоба Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Министрлік мәліметінше, бұл телеарна мен оның Mango TV цифрлық платформасын күн сайын 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды.
"Димаш араға 10 жыл салып қытайлық Hunan TV телеарнасының эфиріне қайта оралмақ. Өздеріңізге мәлім, ол шамамен 10 жыл бұрын алғаш рет халықаралық деңгейде дәл осы Hunan TV арнасындағы Singer жобасы арқылы әлемге танылған еді. Енді ол бұл арнада жаңа қырынан, яғни, халықаралық жобаның бастамашысы әрі продюсері ретінде бой көрсетпек", — делінген министрлік хабарламасында.
"Бұл жоба Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығының жаңа белесі болмақ. Маған еліміздің музыкасын, табиғатын, қонақжайлығын әлемге таныстыру маңызды. Біз әр түрлі елдің өнерпаздарының басын қосып, өнердің шекарасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдейміз", – деді Димаш Құдайберген.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әншілер қатысып, еліміздің табиғаты әсем өңірлерін аралайтын шығармашылық теміржол сапарына шығады.
Түсірілім Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында өтеді. Жобаның финалдық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ. Негізгі түсірілім орындары – Шарын шатқалы, Бозжыра шатқалы, ұлттық парктер және өзге де туристік нысандар.
Бағдарламаның көрсетілімі келесі жылы Hunan TV арнасында және Mango TV платформасында жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанның бір телеарнасынан да көрсету мәселесі қарастырылып жатыр.
Жоба Туризм және спорт министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, жергілікті атқарушы органдар мен Kazakh Tourism компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін әншінің өзі қыркүйекте Қытай-Қазақстан музыкалық реалити-шоуының түсірілімі басталатынын желі парақшасында хабарлаған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз