Астана инвестициялар, таланттар мен инновациялық технологиялар тоғысқан орталыққа айналады. Алда ауқымды жоспарлар тұр. Бүгін қала әкімі Жеңіс Қасымбек қоғам өкілдері, сарапшылар, кәсіпкерлер және жастармен бірге осы мәселелерді талқылады, деп хабарлайды 24kz.
Президент Жолдауында да елорданы цифрлық трансформацияның үлгісіне айналдыру міндеті қойылғандығы атап өтілді. Қазір Smart City тұжырымдамасы аясында халықаралық G42 холдингімен бірге жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасы белсенді жүзеге асып жатыр.
«Бұл – қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық ортаны басқаруға көмектеседі», — деді шаһар басшысы. Сондай-ақ биыл елордада халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылмақ. Ол экономиканы дамытуға, зерттеулерді қолдауға, цифрлық салаға инвестиция тартуға және басқа да бағыттарды ілгерілетуге ықпал етпек.