Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың аппарат өкілдері Катардағы әскери акция толығымен тәуелсіз болғанын мәлімдеді. Алайда шетелдік БАҚ беттерінде Доха қаласына жасалған соққы АҚШ-пен келісілгені туралы ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Израильдің Катарға жасаған соққысынан кейін Jerusalem Post басылымы израильдік шенеуніктерге сілтеме жасап, Дохадағы ХАМАС басшыларына жасалған шабуылды алдымен АҚШ мақұлдағанын хабарлады.

Алайда Израиль премьер-министрінің аппарат өкілдері бұл жаңалықты жоққа шығарып, әскери акция толығымен тәуелсіз болғанын жеткізді.

"ХАМАС лаңкестік ұйымының басшыларына жасалған бүгінгі шабуыл толығымен Израильдің тәуелсіз операциясы болды. Соққыны Израиль ұйымдастырды, Израиль іске асырды және бұл үшін Израиль жауапкершілік алады", — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін 9 қыркүйекте Израиль әскері Катар астанасы Дохада болған ХАМАС-тың жоғары лауазымды өкілдеріне соққы жасады. Катарлық СІМ ЦАХАЛ-дың қатаң әрекетін айыптады.

Шабуыл туралы ақпарат расталған соң, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің Дохаға жасаған соққысын айыптады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз