Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.
Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне тез арада Алматы тау кластерін дамыту жоспарын жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өз кезегінде Үкімет басшысы министрге футбол клубтарын жекешелендірудің жоспар-кестесін әзірлеуді де жүктеді.
– Мемлекет басшысы туристік объектілерде инфрақұрылымды дамытудың маңызын атап өтті. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың тікелей жауапкершілігі. Тез арада Алматы тау кластерін дамыту жоспарын жаңарту қажет. Ұлттық экономика министрлігі Туризм және спорт министрлігімен, Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, бір апта мерзімде Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобаларын аса маңызды объектілер және жалпыұлттық маңызы бар жобалар деп тануы қажет. Осыдан кейін Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізілсін, – деп ашық айтты ол.
Сонымен қатар, Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне облыстармен бірге осы жылдың 1 қазанына дейін футбол клубтарын жекешелендірудің жоспар-кестесін әзірлеуді қатаң тапсырды.
Кеше Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев футболды бизнес ретінде дамыту қажеттігін айтқан еді.