Құзырлы министрлік ұсыныстар дайындауы тиіс.

Премьер-министрі Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының бірыңғай жүйеленген іс-шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олжас Бектенов Президенттің өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беріп, осы бағытта жүйесіз жүргізіліп жатқан қолдау шараларын ретке келтіруді тапсырғанын баса айтты.

"Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен, "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп бір ай мерзімде бытыраңқы және қайталанатын тәсілдерді алып тастап, өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының бірыңғай жүйеленген іс-шаралар пакетін әзірлеуі қажет", – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр арнайы экономикалық аймақтарды басқаруды жеке, соның ішінде шетелдік компанияларға беру мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақтарға көп үміт артылғанына қарамастан, аталған құралдардың өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан үлестері қойылған міндеттерге сәйкес келмейді.

"Әкімшілендіру мен инвесторлар тартудың жаңа тәсілдері есебінен арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі екі ай мерзім ішінде арнайы экономикалық аймақтарды басқаруды жеке, соның ішінде шетелдік компанияларға беру мүмкіндігін қарастыра отырып, оларды басқару тәсілдерін өзгерту бойынша ұсыныстар дайындасын", – деді ол.