Желіде мектеп-интернаттағы бір топ ұл баланың қыз баланы күшпен сүйреп, әжетханаға кіргізіп жатқаны көрсетілген бейнежазба тарады.

Оқиға Тараздағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатта болған. Мекеме директоры бұл дерек туралы уақытында хабарламағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға сәйкес, бір топ ұл бала қыз баланы әжетхана кабинасына күшпен кіргізіп, артынан есікті ішінен жауып алғаны көрінеді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұл оқиға 5 сәуірде болған.

"Мектеп-интернаттың жауапты қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылды. Оқиға туралы құзырлы органдарға уақтылы хабарламағаны үшін мектеп-интернат директоры да Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, директорға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау үшін Жамбыл облысы Білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне ұсыныс жолданды", – делінген хабарламада.

Облыстық полиция департаменті тиісті бейнежазба жарияланғаннан кейін тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Құзырлы орган оқиғаға құқықтық баға беретін болады.