Магистратура бойынша кешенді тестілеуге 51 мыңнан аса өтінім түсіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мыңға көп.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде магистратура мен докторантураға қабылдау науқанына қатысушылардың саны айтарлықтай өсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тестілеуге қатысқан 47 798 үміткердің ішінде 23 065 адам шекті балды еңсеріп, білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Орташа балл да жоғарылап, 72,9-ға жетті.
Мемлекеттік гранттар үлестірілгенде инженерлік-техникалық, педагогикалық, ақпараттық-коммуникациялық және жаратылыстану бағыттары басым болды. Жалпы, магистратураға 13 554 грант берілді.
Докторантураға да қызығушылық жоғары. Сынаққа 4 307 адам қатысып, оның 3 146-сы оң нәтижеге қол жеткізді. 2025–2026 оқу жылына 2 919 мемлекеттік грант қарастырылған.
Министрліктің хабарлауынша, қазір докторантураға қабылдау толығымен жоғары оқу орындарының құзыретінде. Бұл университеттердің дербестігін арттыруға және академиялық еркіндікті нығайтуға бағытталған қадам саналады.
Ведомствоның пікірінше, магистратура мен докторантураға түсушілер санының артуы — қазақстандық жастардың ғылымға деген ынтасы мен дайындық деңгейінің көрсеткіші.