"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-тың бұрынғы коммерция жөніндегі бас директоры Асқар Батырбаев лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп танылып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының деректеріне сәйкес, Батырбаев 2021 жылы шетелдік компаниялармен нарықтан төмен бағада 13 келісімшарт жасасқан. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 20,1 млрд теңгеден асады. Батырбаев осылайша жылдық жоспарды асыра орындап, сыйақы алу мақсатында әрекет еткені анықталды. Ол бұл мақсатын қалтықсыз 120%-ға орындаған.
2022 жылы Батырбаев "Қазатомөнеркәсіптен" 54 млн теңгеден астам бонус алған, оның 9 млн теңгесі тікелей осы 13 мәмілеге байланысты болған.
Сотта Батырбаев өз кінәсін мойындамады, ол келісімшарттардың сыйақы мөлшеріне әсерін білмегенін және шетелдік компаниялардың мүддесін қорғамағанын, ешқандай да жеңілдіктер жасамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, баға ұсыныстар бойынша бір фунт үшін апталық немесе айлық бағадан белгіленеді. Одан кейін ұсыныс әлеуетті сатып алушыға жіберіледі. Егер сатып алушы бағамен келіспесе, онда ол жеңілдік сұрай алады. Ал жеңілдіктер мәселесі ішкі кеңестерде талқыланады және "Қазатомөнеркәсіп "ҰАК" АҚ Басқармасы мен директорлар кеңесінің отырыстарында талданады. Олар мақұлданғаннан кейін келісімшарттар жасалады.
Сотта сол кезде "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Ғалымжан Пірматовтан сұрақ-жауап алынды. Ол шетелдіктерге жеңілдіктер жасау жайынан хабарсыз болғанын, өйткені ол өзінің келісімшарттар жасалғанға дейін келіссөздер мен бағаларды қалыптастыруға қатыспағынан айтты. Бағалар анықталғаннан кейін келісімшарттар жасасу мәселесі басқарма мен директорлар кеңесінің алдына ұсынылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында Пірматов басқарма отырыстары ресми сипатқа ие екенін айтқан.
Сот Батырбаев келісімшарттардың мерзімін бұзды деген қорытындыға келді. Осыған байланысты уран төмен бағамен сатылған. Басқарма мен директорлар кеңесі отырыстарындағы бейнежазбалар талданған, онда жеңілдіктер жайы талқыланбайды. Батырбаев дисконттың белгіленген мөлшерін ғана хабарлады. Отырыстардың жазбаша хаттамаларында басшылықтың уранның нарықтық құнынан 5%-ға дейін төмен жеңілдікпен беруге рұқсат берген келісімі жоқ.
Сот сотталушы Батырбаевтың мұның бәрін сыйақы алу үшін жасады деп таныды. Ол ҚР ҚК-нің 361-бабы, 3-тармағының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, заңсыз алынған сыйақы — 9 млн теңгені қайтару, 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сот Президентке Батырбаевты "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізіп, "Самұрық-Қазына" АҚ пайдасына 20,1 млрд теңге көлемінде материалдық залал сомасын өндіріп алды.
Ғалымжан Пірматов 2021 жылы тамызда "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқармасы төрағасы қызметінен өз еркімен кеткен.