36 жастағы Ақтөбе тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі 9 қыркүйекте хабарлағандай, тергеу нұсқасы бойынша күдікті Instagram желісінде "Автобан Дубай" атты парақша ашып, Біріккен Араб Әмірліктерінен қолжетімді бағамен көлік жеткізіп беремін деп уәде берген.

"Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде жеті азамат жапа шекті. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 50 миллион теңгеден асты. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – деп мәлімдеді ПД.

Ақтөбе облысының полициясы азаматтарды сақ болуға, ресми құжаттар мен ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады. Күмәнді жағдай туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық осындай тәсілмен көлік сатып алмақ болған азаматтардан 70 млн теңгеден астам қаражат жинап, шетелге қашып кеткен.