Екібастұз қаласында алапат өрт шыққан үйде 86 жастағы қария оттың ортасында қалып қойған. Оны полиция қызметкерлері құтқарып қалды.
7 қыркүйек күні таңертең патрульдік қызметте жүрген полиция инспекторлары Юбилейная көшесіндегі жеке үйден шыққан қою түтінді байқайды. Олар дереу төтенше жағдай қызметіне хабар беріп, аулаға кіргенде тұрғындардың мүлікті сыртқа шығарып жатқанын көреді. Сол сәтте үй ішінде 86 жастағы әженің қалып қойғаны белгілі болды.
Polisia.kz мәліметінше, инспектор Ермұрат Қажығали мен Абзал Тоқтасынов бірден екінші қабатқа көтеріліп, қарияны қолына көтеріп сыртқа алып шықты. Далада жедел жәрдем күтіп тұрғандықтан, әже дереу дәрігерлерге тапсырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Өрттің шығу себебі
Мамандардың алдын ала болжамына сәйкес, тілсіз жаудың тұтануына зақымдалған электр сымдары мен кабельдерді пайдалану себеп болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде келіп, жалынды оқшаулап, сөндірді.
Азаматтардың алғысы
Қарияның туыстары полицейлерге шын жүректен алғысын білдірді:
«Полицейлердің батыл да жедел әрекеттерінің арқасында орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алдық. Әжемізді аман алып қалғандарыңызға рақмет», – деді олар.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, инспекторлар Ермұрат Қажығали мен Абзал Тоқтасынов кез келген сәтте көмекке келуге әзір нағыз қызметкерлер. Ерлік, адалдық пен Отанға деген адал қызмет – олардың басты өмірлік қағидалары.