Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдарға 427,1 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Ең көп сұраныс оңалтудың техникалық құралдарына түсті, сонымен қатар жеке көмекші, ымдау тілі және санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері ұсынылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 427,1 мыңнан астам өтініш беріп, қажетті құралдар мен қызметтерін алған. Оның ішінде шамамен 319 мың адам оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілсе, 8,3 мың адамға ымдау тілі мамандарының көмегі көрсетілді. Бұдан бөлек, 25,5 мың адам жеке көмекші қызметін пайдаланды, ал 74,3 мың адам санаторийлік-курорттық ем қабылдады.
«Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Порталда 629 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1036 техникалық құрал жеткізуші, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 749 ымдау тілі маманы және 133 санаторийлік-курорттық ұйым тіркелген.
Порталды қолдану бойынша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.