Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қ. Сәтбаев атындағы каналға сегіз жаңа трансформаторды құрастыру және іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Нысанды кешенді жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Қ. Сәтбаев атындағы каналға барлығы 17 жаңа трансформатор орнатылады. Сондай-ақ 19 насос агрегаты ауыстырылады.

Қ. Сәтбаев атындағы канал Қарағанды және Павлодар облыстарын, сондай-ақ Астана қаласын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл каналдың суын өңірлердегі өндіріс орындары мен шаруа қожалықтары пайдаланады. Нысанның жалпы ұзындығы – 458 шақырым.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік Қ. Сәтбаев атындағы каналға жаңғырту және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар каналдың суына сұраныс артқандықтан қолға алынған. Жоба жүзеге асырылған соң елді мекендер мен өндіріс орындарын сумен қамту сапасы артып, каналдың ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуы қамтамасыз етіледі", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.