"Қазақстан қоғамы үшін 2025 жылғы Президент Жолдауы елдің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжатқа айналды". Бұл туралы PhD доктор, Алматы облысындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ институтының аға қызметкері Жакатаева Алтынай айтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, Жолдау аясында әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару негізгі басымдық ретінде белгіленді.
"Бүгінгі Жолдау Қазақстан қоғамы үшін ғана емес, жеке өзім үшін де ерекше мәнге ие болды. Себебі бұл құжат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындайды, ал соның ішінде маған ең жақын тақырып – ауыл шаруашылығы мен цифрлық технологиялардың тоғысуы. Президент ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Қазақстан аграрлық ел ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік экспортта да бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Менің қазіргі жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу басты міндеттердің бірі. Бұл бағыт агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға және ауыл аймақтарының дамуына жаңа серпін беруге қабілетті", — дейді ол.
Ғылыми қызметкер ретінде Жакатаева өзі үшін Жолдауда ерекше әсер қалдырған басымдықтар мыналар екенін де айтады:
1. Жасанды интеллектіні қолдану:
- Өнімділікті болжау және талдау;
- Өсімдік аурулары мен зиянкестерді ерте анықтау;
- Агроөндірістегі шешім қабылдау сапасын арттыру.
2. Цифрландыру:
- Дәлме-дәл егіншілік жүйелерін енгізу (дрондар, сенсорлар, смарт-фермалар);
- Су ресурстарын интеллектуалды басқару, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен пайдалану;
- Фермерлерге арналған онлайн сервистерді дамыту, субсидиялау мен қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету.
3. Инфрақұрылым және экспорт:
- Цифрлық логистика жүйесін құру арқылы өнімді өңдеу және сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндігін кеңейту;
- Экологиялық таза, органикалық өнім өндіруді қолдау.
"Бұл басымдықтардың әрқайсысы – ауыл шаруашылығының болашағына салынған инвестиция. Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрландыру тиімділікті арттырып қана қоймай, ресурстарды үнемдеуге, өнім сапасын жақсартуға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жол ашады. Жасанды интеллект, цифрландыру, ауыл шаруашылығы – бәрі еліміздің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Бұл Жолдау мен үшін тек саяси құжат емес, іс-қимылға шақыру болды. Әрқайсымыз өз саламызда еңбек ете отырып, осы бастамаларды жүзеге асыруға үлес қоса аламыз. Меніңше, елдің нағыз дамуы – осындай жеке үлестердің қосындысынан құралады. Ал Жолдау болса әрқайсымызды жаңа бастамаларда тек жігерлендіре түседі", деп сөзін түйіндейді PhD докторы.
Бұған дейін Президент Жолдауына қатысты Қазақстанның Еңбек Ері, кенші-ұңғылаушы, Ұлытау облысының тұрғыны Тұрсынбек Макишевтың пікірін жариялаған болатынбыз.