Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік алынып, медициналық мекемелерге табысталды. Жаңа көліктердің жалпы құны – 4,2 млрд теңгеден асады.
Заманауи техника облыстың барлық аудандары мен қалаларына таратылып, жедел жәрдем қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Автокөліктер толықтай заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Олар ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да көмек көрсетуге бейімделген. Әрбір көлік портативті өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен, жүрек-өкпе реанимациясы жиынтығымен, электрокардиографпен жабдықталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көліктерді табыстау рәсімінде бұл бастаманың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген қағидатына негізделгенін атап өтті.
– Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Денсаулық сақтау саласын дамыту – біздің басты міндетіміз. Бүгін табысталып отырған көліктер дәрігерлердің еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартады. Бұл – халыққа жақын болудың нақты үлгісі, – деді өңір басшысы.
Соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан іске қосылғанда 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, Абу-Даби қорының қолдауымен 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. Бұдан бөлек, 60 орындық оңалту орталығы пайдалануға берілмек.
Сарыағашта 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталық салу жоспарланған. Сонымен қатар Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханалар 4,1 млрд теңгеге жөнделді. Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу басталды. Енді ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ және ангиограф сынды заманауи медициналық техникамен қамтылады.
Халық саны мен қажеттіліктің артуына байланысты жедел жәрдем қызметіне деген сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Егер 2023 жылдың алғашқы сегіз айында 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың дәл осы кезеңінде көрсеткіш 635 мыңға жеткен. Яғни, бір жылда 123 мың шақыртуға артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы өткен жылы да 88 санитарлық автокөлік пен нәрестелерге арналған 2 арнайы реанимобиль сатып алған еді.
Жаңа көліктердің артуы шұғыл медициналық көмекті көрсетудің тиімділігін арттырып, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға нақты қолдау болмақ.