Бүгін ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдау жасап, елдегі футбол клубтарын жекешелендіру жайын айтқан еді.
Онда отандық футбол клубтарына инвестиция салуға дайын кәсіпкерлердің аты аталмаса да, саны жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен, футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз кезегінде жекешелендіру үдерісін жеделдетуді тапсырды.
Блогер Ербол Еділовтің жазуынша, "Шахтер" футбол клубы Тимур Турловқа, "Жеңіс" футбол клубы Михаил Ломтадзеге,"Қызыл-Жар" футбол клубы Сергей Канға беріледі. Ал төртінші клуб "Қайсарды" қызылордалық жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали Қозбақовқа сеніп тапсырылуы мүмкін.
Десе де, мемлекет басшысының бұл жаңалығы сарапшылар мен спорт журналистеріне майдай жақты. Себебі олар аталған тақырыпты көп жылдан бері қаузап келеді.