2025 жылдың 8 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ғылым мен білім саласына тоқталып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының пікірінше, еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды.

"Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн",- деді ол.

Оның айтуынша, министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.

"Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады. Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн". Мемлекет басшысы

Сондай-ақ, ол шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет екенін баса айтты.

"Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, "сапасы жоғары адами ресурстар" қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі",- деді президент.

Бұған дейін мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек екенін айтқан болатын.