2025 жылғы 8 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде дрондарды қолдану перспективасына тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы логистика мен әуе тасымалдарын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Әуе жүк тасымалдарының оң динамикасына қарамастан, көлемін одан әрі ұлғайтуға зор мүмкіндік бар. Бұған дейін мен әуе жүк тасымалы көлемін екі есе арттыруды тапсырғанмын. Оған ең алдымен ірі шетелдік серіктестерді тарта отырып, ұлттық жүк тасымалдаушы құру арқылы қол жеткізуге болады", – деді президент.
Оның айтуынша, электрондық сауданың және жоғары технологиялық өнім жеткізілімдерінің өсуі жағдайында бұл сала аса табысты әрі сұранысқа ие сегмент болып отыр.
"Біз әуе хабтарын белсенді дамытуымыз керек, оларды жаһандық логистикалық тізбектерге кіріктіруді қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге экспресс-жүктерді тасымалдау сегментін реттеу ісінде тәртіп орнату керек. Бұл – тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін маңызды. Бүкіл әлемде жүкті және сәлемдемелерді жеткізуге арналған арнайы көліктер мен дрондар сияқты жүргізушісіз көлік түрлері дамып келеді. Үкімет осындай технологияларды жедел енгізу үшін барлық жағдайды жасауы тиіс, соның ішінде тиісті нормативтік актілерді қабылдау қажет", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.