Алаяқтық жолмен жалпы сомасы 70 млн теңге қаражатты иемденді деп күдікке ілінген қазақстандық Түркиядан елге қайтарылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің және Түркия Республикасының құзыретті органдарының көмегімен бірнеше рет алаяқтық бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Түркиядан елге қайтарды.

Бас прокуратура мәліметінше, ол 2023 жылы Шымкент қаласында басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, интернетте нарықтан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландыру берген. Осы әрекеті салдарынан 52 жәбірленуші жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам қаражаттан айырылғаны айтылады.

Аталған қылмысқа қатысы барлар бұрын әртүрлі іс бойынша сотталған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынғанына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланып, биыл тамыз айында Түркия аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін дейді прокурорлар.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз