Қазақстанда оқулықтарды сараптауға педагогтер шақырылады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды сараптау саласында жұмыс істеу үшін педагог-сарапшыларды іріктеудің жаңа кезеңі басталғанын хабарлайды.

Барлық рәсім онлайн форматта E-EXPERT.GOV.KZ платформасында өткізіледі. Бұл үміткерлерге елдің кез келген өңірінен қатысуға тең мүмкіндік береді", — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде орталықтың базасында оқыту мен байқау кезеңдерінен жаңа формат бойынша сәтті өткен 400-ден астам сарапшы тіркелген.

E-EXPERT.GOV.KZ платформасы құжаттарды тексеруден бастап тестілеу, әңгімелесу, эссе жазу, модульдік оқыту және қорытынды сертификаттауға дейінгі негізгі үдерістерді автоматтандырды.

"Платформаны енгізу – іріктеу үдерісін барынша ашық әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік берді. Бүгінде біз сарапшылар қауымдастығын тиімді қалыптастырып, педагогтерді іріктеу сапасын қамтамасыз етіп отырмыз", — деді орталық директоры Назира Абдрахманова.

Орталық еліміздің барлық өңіріндегі педагогтерді байқау іріктеуіне қатысып, Қазақстандағы орта білім сапасын қалыптастыратын кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болуға шақырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз