Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.
Түркістан облысындағы "Қазсушар" РМК филиалы Көксарай контрреттегішінің бас гидроторабында механикалық тазарту жұмыстарын бастады.
Қазіргі уақытта нысаннан лай мен құм арнайы техника арқылы шығарылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл жұмыстар тасқын кезеңінде еріген суды қауіпсіз өткізу үшін жүргізіліп жатыр. Көктемгі кезеңде Арал теңізін толтыру және Қызылорда облысының егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету үшін Көксарай контрреттегішінен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу басталады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Көксарай контрреттегішінің сыйымдылығы – 3 млрд текше метр. Нысанның негізгі мақсаты – Сырдария өзені бассейнінде су тасқынының алдын алу, Шардара су қоймасына түсетін еріген су көлемін реттеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен жергілікті экожүйелерді тұрақты сумен қамтамасыз ету.