Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы концерт жарнамалаумен айналысып кетті. Қаладан 3-4 шақырым жерде қанды қылмыс болып жатқанда, басшының TikTok түсіріп, би билеп жүргені желідегі жұрттың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Талғарда тапа тал түсте адам өліп, бала ұрланып жатыр. Ал әкімі TikTok түсіріп, тойлауға дайындалып жүр»,- деп жазды журналист Есболат Айдабосын.

Талғарда қылмыс тоқтамай тұрса да, басшылары жеңіл, арзан пиармен айналысып кетті. Талғар қылмыс пен жемқорлықтан арылған жоқ.

«Бұларға қарапайым халық қырылып қалса да мейлі»,«внимание жетіспей жүр»,«білімі таяз ба, бір мақтаншақ», — деген сарында түрлі пікірлермен сынап жазды желі қолданушылары.

Талғардағы Шерзат трагедиясы әлі ұмытыла қойған жоқ. Елді дүрліктірген оқиғаның соңынан іле-шала Талғар ауданының тұрғыны адам өлтіріп, 2 жасар қызды ұрлап кеткен еді. Таныс әйелдің ағасын тал түсте атып тастаған. Көлігіне сәбиді салып алған күдікті жардан құлаған. Абырой болғанда кішкентай қыз тірі қалды. Бірақ сәби зардап шеккен, оның тіліне ота жасалды. Қаскөй қамауға алынды.

«Ойлашы, 13 қыркүйек Абай саябағында мерекелік іс-шара, халық демалуда, барлығы қала күнін тойлауда, эстрада жұлдыздары ән шашуда», — деп масаттана сөйледі Талғар қаласының әкімі.