Ақтау қаласының әкімдігі әткеншек аттракционның жақын маңда тұрған Газель көлігімен соқтығысып, екі баланың зардап шегуі оқиғасына байланысты тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аталған оқыс оқиға 5 "А" ықшам ауданындағы "Сказка" аттракциондар паркі аумағында 2025 жылғы 4 қыркүйекте орын алған. Оқиға салдарынан балалар зардап шегіп, түрлі жарақаттарымен ауруханға жеткізілді. Полиция қызметкерлері аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің "Ғимараттарды, құрылыстарды немесе көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Қала әкімдігі полиция қызметкерлерімен бірігіп аттракцион паркінің әкімші мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аттракцион параметрлерін өзгерту, атап айтқанда, орын алған жағдайдан қорытынды шығара отырып, қоршаулардың биіктігін арттыру және автокөліктердің аттракцион аумағына кіру мүмкіндігін болдырмау бойынша тапсырма берілді". Ақтау қаласы әкімдігі
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, хаттама толтырды. Анықталған кемшіліктер жойылғанша және тексеру аяқталғанға дейін аттракцион жұмыс істемейді.
Бұған дейін Ақтаудағы аквапаркта алты жастағы қыз жарақат алғанын жазғанбыз.