Арнайы іс-шара барысында елордада полицейлер күдік тудырған Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатты. Көліктің рөлінде 26 жастағы азамат және одан бөлек тағы екі жолаушы болған. Тінту кезінде жүргізуші қалтасынан ақ ұнтаққа ұқсас зат оралған пакет табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полиция мәліметінше, тәртіп сақшыларының назарын аудартқан жағдай жүргізушінің қатты қобалжуы болған. Жеке тінту кезінде жүргізуші қалтасынан ақ ұнтаққа ұқсас зат оралған пакет табылып, тәркіленді. Бұдан кейін көлік салонын тексеру барысында кілемшенің астынан осындай тағы тоғыз орама шықты.

"Сараптама нәтижесінде табылған заттың мефедрон есірткі құралы екені анықталды. Белгілі болғандай, жастар есірткіні жеке пайдалану үшін Telegram әлеуметтік желісі арқылы сатып алған. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізуші мен екі жолаушының да тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсетті. Сот шешімімен олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалды. Сонымен қатар аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде", делінген хабарламада.

Астана қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын есірткі заттарын заңсыз сақтауға қатысты кез келген ақпаратты байқаса, бірден 102 телефоны арқылы хабарлауға шақырады.

Бұған дейін Ақтөбеде 31 жастағы рэпер ұсталғанын жазғанбыз.