Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жайында есеп берілген.
"Президентке барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отырғаны баяндалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 айда 1,2 триллион теңгені құрады.
Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,1 пайызға жоғары. Биыл жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 3,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді", — делінген хабарламада.
Астана әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтқан.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында елордада 1 қыркүйекте 28 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп ашылды. Осы оқу жылында қалада 15 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Былтырғы кезеңде 66 мың оқушыға арналған 24 мектеп, соның ішінде 16 "Келешек мектебі" ашылған. Жыл соңына дейін 4716 студентке арналған 8 жатақхана бой көтереді. Биыл Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырып, 1 миллионнан аса жасыл желек егу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар елорда әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайындық жайында мәлімет берген.
Оның айтуынша, үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегін, сондай-ақ "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Яғни қосымша 1100Гкал/сағат қуат өндіре бастаған. Биыл "Тұран" стансасының екінші кезегін аяқтау жоспарланған. "Тельман" стансасының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейту және "Оңтүстік-Батыс" газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Астана әкіміне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз