Су тасқынына жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың сот тәркілеген мүліктері аукционда сатылады.
Сол аукционнан түскен ақшаға Перизат Қайраттан зардап көрген адамдар ақшасын қайтарып ала алады. Сот оның мына мүліктерін тәркілеген еді:
- «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;
- «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
- «Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж.;
«Сот үкіміне сәйкес тәркіленген мүлік сот орындаушылары арқылы аукционға шығарылып, сатылады. Тиісінше, түскен қаражат есебінен жәбірленуші тараптың залалы өтеледі», – деп хабарлады агенттікке Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.