Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылғы 26 тамыздағы бұйрығымен шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аквашаруашылықты жүргізу үшін жер учаскесін беруді қоспағанда, конкурстық ұсыныста:
- бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, ашылатын жұмыс орындарының саны);
- шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелер;
- Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, ғылыми негізделген агротехнологияларды, фитосанитариялық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер қамтылады.
Сондай-ақ, авашаруашылықты жүргізу үшін конкурстық ұсыныста:
- бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемі, тиісті инфрақұрылымның және аквашаруашылықты жүргізуге арналған жабдықтардың, аквашаруашылық саласындағы білікті мамандардың біліктілігі, ашылатын жұмыс орындарының санының болуы);
- Қазақстан Республикасы жер заңнамасының және Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамысының талаптарын орындау бойынша міндеттемелер қамтылады.
Өтінім беруші конкурстық ұсыныста ұсынған міндеттемелер мен бизнес-жоспар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының ажырамас бөлігі болып табылады.
Конкурстық ұсыныстар бойынша балдар міндеттемелердің мынадай өлшемшарттары бойынша беріледі:
жер учаскесі жалға алынған алғашқы бес жылда 1 гектарға салынатын инвестициялардың болжамды көлемі, мың теңге:
суарылмайтын егістікке:
- 50-ге дейін – 1 балл;
- 50-ден 70-ке дейін –2 балл;
- 70-тен 90-ға дейін – 3 балл;
- 90-нан 110-ға дейін – 4 балл;
- 110-нан жоғары – 5 балл;
суарылатын егістікке (суарылатын жерлер):
- 200-ге дейін – 1 балл;
- 200-ден 300-ге дейін – 2 балл;
- 300-ден 400-ге дейін – 3 балл;
- 400-ден 500-ге дейін – 4 балл;
- 500-ден жоғары – 5 балл;
жайылымдық және шабындық алқаптарға:
- 5-ке дейін – 1 балл;
- 5-тен 10-ға дейін – 2 балл;
- 10-нан 20-ға дейін – 3 балл;
- 20-дан 30-ға дейін – 4 балл;
- 30-дан жоғары – 5 балл;
жайылымдық жерлерге – ауыл шаруашылығы жануарлары басының болуы:
- 50-ден аз ірі қара мал, жылқы, түйе – 5 балл;
- 50 және одан да көп бас ірі қара мал, жылқы, түйе – 10 балл;
- 300-ден аз ұсақ мал басы – 5 балл;
- 300 және одан да көп ұсақ мал басы – 10 балл;
меншігінде ауыл шаруашылығы техникасының болуы:
- 5 бірліктен кем – 5 балл;
- 5 және одан да көп бірлік – 10 балл;
технологиялық жабдықтың болуы:
- 1 бірлік – 1 балл;
- 2 және одан да көп бірлік – 3 балл;
ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандардың болуы:
- 5 білікті маманнан кем – 5 балл;
- 5 және одан да көп білікті маман – 10 балл.
Сондай-ақ, көрсетілген конкурстық ұсыныстар бойынша балдар міндеттемелердің мынадай өлшемшарттары бойынша беріледі:
1 гектарға салынатын инвестициялардың болжамды көлемі, мың теңге:
- 20 000-ға дейін – 5 балл;
- 20 000-нан 50 000-ға дейін – 10 балл;
- 50 000-нан 100 000-ға дейін – 15 балл;
- 100 000-нан жоғары – 20 балл;
аквашаруашылық объектісін өсірудің болжамды көлемі, тонна:
- 50-ге дейін – 3 балл;
- 50-ден 100-ге дейін – 5 балл;
- 100-ден 200-ге дейін – 7 балл;
- 200-ден 500-ге дейін – 10 балл;
- 500-ден жоғары – 12 балл;
балық шаруашылығы немесе аквашаруашылық саласындағы білікті мамандардың болуы:
- балық шаруашылығы немесе аквашаруашылық саласындағы мамандығы бойынша білімі туралы дипломы бар әрбір жұмыскер үшін – 3 балл, бірақ 9 балдан аспайды;
ашылатын жұмыс орындарының болуы:
- әрбір ашылған жұмыс орны үшін – 1 балл, бірақ 10 балдан аспайды.
Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 5 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Бұйрық 2025 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.