Ақордада өткен мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау жиынында президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал ету қажет.
"Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет. Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан жөн. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы қоғамдағы еңбек адамының орны туралы пікір білдірді.
"Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда "Еңбегіне қарай – құрметі" деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз. Мен жыл басынан бері еліміздің әр саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарды арнайы шақырып, марапаттап жатырмын. Мұны халқымыздың Сіздерге көрсеткен ыстық ықыласы, шынайы құрметі мен алғысы деп түсінген жөн", – деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған ресми сапары жайлы айтқанын жазғанбыз.