Ақордада өткен мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
"Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр",- деді президент.
Ол сондай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жобалар жоспарланғанын да айтып өтті.
"Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық. Біз барлық халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр.
"Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Мемлекет басшысының мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтағанын жазғанбыз.