2025 жылғы 28 тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен банктік қарыз шартының шарттарын өзгерту тәртібі туралы Ережеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, микрокредит беру шартының шарттарын өзгерту тәртібі туралы Ережеде микрокредит беру шартына өзгерістер енгізу туралы өтінішті қарыз алушы оған микрокредит берген микроқаржы ұйымына беруге тиіс екені нақты көрсетілген.

Өтінішпен бірге міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алу жағдайын (фактілерді) растайтын құжаттар мен кірістер туралы мәліметтер және өтініш беруге негіз болған басқа да мән-жайлар қоса беріледі.

Микрокредит шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алуға себеп болған мән-жайларды растау үшін қажетті құжаттар тізімі:

  • жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама немесе соңғы 6 айдағы кірісі туралы анықтама, не банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме;
  • еңбек шартын бұзу, ақысыз еңбек демалысы беру туралы жұмыс берушінің актісі немесе еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтама/парақша;
  • жалақы мөлшері көрсетілген жұмыс орнынан анықтама және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме;
  • жүктілікке және бала тууға байланысты демалысқа, бала күтіміне байланысты үш жасқа дейінгі демалыста екенін растайтын құжаттар;
  • қарыз алушының жұбайы немесе жақын туыстарының науқастығы жөніндегі еңбекке жарамсыздық парағы, не олардың қайтыс болғанын растайтын куәлік/анықтама;
  • жалдау ақысының төлеу тәртібі мен мерзімдері көрсетілген нотариалды расталған жалға алу шарты;
  • жазатайым оқиға немесе үшінші тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттері (мысалы, кәсіпкерлік қызметте пайдаланылған мүліктің ұрлануы) нәтижесінде келген материалдық залалды растайтын құжаттар;
  • форс-мажор жағдайларының туындағанын растайтын ресми құжаттар;
  • мүгедектік туралы анықтама;
  • қарыз алушының шоттарына тыйым салу туралы уәкілетті мемлекеттік органның шешімі;
  • инкассалық өкім;
  • сот актілері;
  • қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын өзге де құжаттар.

Сондай-ақ, егер қарыз алушы толық емес құжаттар мен мәліметтер ұсынса, микроқаржы ұйымы өтінішті қарау үшін қажетті жетіспейтін құжаттарды қосымша сұратуға міндетті.

Егер қарыз алушы — жеке тұлға әлеуметтік осал топқа жататын болса және соңғы екі айдағы орташа айлық табысы, өтініш берілген айға дейінгі соңғы 12 айдың орташа табысымен салыстырғанда 30 пайыздан астамға азайған болса немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болса, төтенше жағдай енгізуге себеп болған жағдайлардың салдарынан зардап шексе, онда микроқаржы ұйымы микрокредит беру шартының шарттарын кемінде үш ай мерзімге өзгерту туралы өтінішке келісім беруі тиіс.

Бұл қаулы 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.