Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың екеуі ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Астана қалалық №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш баланың екеуі 20 тамызда Үржар аудандық ауруханасынан санитариялық авиация бортымен Астанадағы №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын.

Балалар ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер зардап шеккен балаларға күрделі операциялар жасап, толыққанды ем жүргізген. Нәтижесінде 4 қыркүйекте балалар үйіне шығарылған.

"Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында балалардың өмірін аман алып қалу мүмкін болды. Ата-аналары балаларының қайтадан күлімдеп жүргенін көріп, дәрігерлерге шын жүректен алғысын айтты.

Ең бастысы – олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Алдағы уақытта оңалтулары жеңіл өтіп, тек денсаулық пен бақытты балалық шақ тілейміз", — делінген Астана қалалық №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы таратқан хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз