Соңғы уақытта желіде ескі үлгідегі 5000 теңгелік купюралардың айналымнан шығарылатыны туралы ақпарат жиіледі. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды алаңдатқан сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Басылымның Ұлттық банк басшысына сілтеме жасап хабарлауынша, бұл банкноттар бірден жарамсыз болып қалмайды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, параллельді айналымның стандартты мерзімі – әдетте 1-2 жыл.

"Мұнда алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл купюралар айналымнан бірден алып тасталмайды, олар біртіндеп, жоспар бойынша айналымнан шығады. Банктер жеке және заңды тұлғалардан ескі банкноттарды қабылдап, Ұлттық банктің сақтау қоймасына өткізеді. Тіпті бір жылдан, екі жылдан немесе үш жылдан кейін де кімде ескі 5000 теңге қалса, Ұлттық банктің облыстық филиалында оларды сол номиналға айырбастауға болады. Біз ескі ақшаны алып, орнына жаңасын береміз. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ", — деді ол.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 11 қарашада Ұлттық банк 2011 жылғы үлгідегі (ескі) және 2023 жылғы өзгертілген дизайндағы (жаңа) 5000 теңгелік банкноттардың параллельді айналым мерзімін 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартқан болатын.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз