Енді еліміздегі студент атауын желеу еткен келімсектерге шектеу қойылады. Жауаптылар көлеңкелі миграцияға тосқауыл қою үшін студент визасын беру тәртібін қатаңдатпақ, деп хабарлайды Zakon.kz.
KTK телеарнасының 4 қыркүйектегі ақпаратына сүйенсек, қазір Еуропа мен АҚШ-та білім алғысы келгендер үшін виза алу оңай шаруа емес. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы халықаралық тәжірибеге сүйеніп, студент визасын беру тәртібін күшейтуге дайындалып жатыр. Өйткені мұндай виза алу тетігі елдегі келімсектердің көбеюіне себеп болуы мүмкін. Бұдан бұлай шетел студенттеріне бір жылдық визаның орнына оқу мерзімін қамтитын арнайы "супервиза" беріледі. Алайда бұл құжат тек толық тексерістен өткен үміткерлерге ғана рәсімделмек. Егер шетелдік студент қабілетімен ерекшеленіп, ел дамуына үлес қоса алса, оған Қазақстанда тұруға рұқсат беру мәселесі де қарастырылады.
"Жұмыс енді ғана басталды және егжей-тегжей пысықтау кезеңінде тұр. Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, студент визасын тек білім алу мақсатында беруге ұмтылады. Бірқатар елдерде тым либералды ережелер еңбек миграциясының артуына немесе транзит көшуге пайдаланылған. Сондықтан шетел студенттерінің Қазақстанда жайлы болуын қамтитын ашық әрі түсінікті жүйе құру маңызды". Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қоғаммен байланыс департаментінің директоры
Бұған дейін Астана қаласының тұрғыны алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бір топ ел азаматтарының 330 млн теңгеден астам ақшасын заңсыз иеленгенін жазғанбыз. Ол жәбірленушілерге Еуропа, АҚШ және Ұлыбританияға ұзақ және қысқа мерзімді виза жасап беруге өтірік уәде берген.