"Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы өз қаражаты есебінен Жетісудағы Алакөл курорттық аймағында орналасқан Көктұма вокзалын жаңғыртады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания бүкіл ел бойынша теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Қайта жаңартуға жататын объектілер тізбесіне Жетісу облысының курорттық аймағында орналасқан Көктұма вокзалы да енген.
ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, қайта құру – инфрақұрылымды жаңартуға, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың мүмкіндігі шектеулі топтарына қызмет көрсетуді барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
"Сатып алу рәсімдері "Самұрық-Қазына" АҚ сатып алу тәртібіне сәйкес 2025 жылдың мамыр айында аяқталды. Жоба бір ұйымның материалдарды жобалауды, сатып алуды және құрылыс жұмыстарын орындауды көздейтін EPC-келісімшарт тетігі бойынша іске асырылады. Барлық ақпарат zakup.sk.kz ашық алаңында жарияланады. Қаржыландыру ҚТЖ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады", — делінген хабарламада.
Вокзалдарды жаңғырту бағдарламасын ҚТЖ кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Нысандарды таңдау кезінде жолаушылар ағыны, станциялардың техникалық жағдайы және туристік маңыздылығы ескерілді.
Вокзалдарды жаңғырту – ҚТЖ-ның маңызды әлеуметтік жобасы. Заманауи вокзалдар ыңғайлы, қауіпсіз және жолаушылардың барлық санаттарының қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз