Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Айта кетейік, бүгін кейбір БАҚ-та Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің және ҰҚК-нің бірнеше қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялап, БАҚ өкілдерін жалған ақпарат таратпауға, журналистік этиканы естен шығармауға шақырды.

"Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралуда.

Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет.

Көбіне расталмаған "хайп қуған" деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс.

Әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырамын.

Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын", — деп жазды министр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз